К.Жарықбаев - Жүсiпбек Аймауытовның педагогикасы туралы

Print
Ұлы мұраттарға жету үшін ұлттық психологияны мықтап қолға алу керек
Құбығұл ЖАРЫҚБАЕВ, педагогика және психология ғылымдарының докторы, профессор: Ұлы мұраттарға жету үшін ұлттық психологияны мықтап қолға алу керек
- Қазір жұрт дағдарған кезең. Сіз психология докторысыз. Елге не кеңес берер едіңіз? Дағдарыстан шығудың кілті бар ма?
- Бар. Елбасы Қазақстан халқына арнаған «Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға» деп аталатын Жолдауында осыған байланысты көкейдегі сұрақтарға нақты жауап берді. Елбасының: «Бізде дағдарысқа қарсы жоспар бар, мемлекеттік резервтен жеткілікті қаражат бөлінген. Тұтастай Үкімет және Премьер-министр, мемлекеттік органдардың басшылары, әкімдер дағдарыстан шығу жөніндегі белгіленген шаралардың орындалуына тікелей жауапты болады.
Бүгінгі проблемалар және біздің оларды қалай шешіп жатқанымыз - кемелдіктің және біздің қоғамымыз бен мемлекетіміздің тұрақтылығының сынағы. Біз бұл сынақты тапсырамыз деп ойлаймын... Мемлекет дағдарыстың алдын алудың барлық шараларын жасауда. Ұлттық қордан бөлінген ауқымды қаражат қазір отандық экономиканың кідіріссіз жұмыс істеуіне қызмет ете бастады», - деп көңілдегі күдікті сейілтті және тығырықтан шығудың амалдарының бірі ретінде елімізде тыныштық пен береке және сабыр сақтауды баса атап өтті. «Олай болса, бұл дағдарыстан да біздің аман-есен өтетініміз айдай анық. Дағдарыстар өтеді, кетеді. Ал мемлекет тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты құндылықтар мәңгі қалады» деген сөзі де мұратымызға жететіндігімізге кепіл болғандай.
Ал кешегі «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының съезінде «Қазақстанның индустриялық-технологиялық дамуы - біздің ортақ болашағымыз үшін» деп аталатын баяндамасында да «Соңғы екі жылда әлемдік дағдарысқа қарсы тұру жөнінде үлкен шаруа тындырылды, сондықтан да біз оның оң нәтижелерін көре бастадық» деді. Бұл да дағдарыстан шығудың кілті табылғандығын, айғақтайды. Ендігісі - елдің еңбекқорлығына, сабырлылығына және тыныштығына келіп тіреліп тұр.
- Сіз бір әңгімеңізде «біз кезінде қазақта психология болмаған деушілермен де күрестік» деп қалдыңыз. Шынында да, олар ұлтымыздың құндылықтарынан хабарсыз азаматтар ма, әлде жоғарыдағыларға жағынуды жөн көргендердің тірлігі ме?
- Мен жиырма жылдың көлемінде психологияның зарын жоғарыдағылар естісін деген ниетпен түрлі басылымдарда көптеген мақалалар жаздым. Бір қызығы, барлық басылымдар «зар» деген «жаман сөз» деп, ылғи осы сөзді алып тастап, мақаламды мазмұнына оншама тиіспей, басып келді. Кезінде белгілі әдебиетші-ғалым Бейсенбай Кенжебаев марқұм әдебиеттің бір мұң-мұқтажына байланысты мақала жазғанда осы сөзді пайдаланыпты. Ол - бөлек заман, ал қазір заман басқаша десек те, әлгі «зардан» арыла алмай отырмыз. Неге? Җйткені қазақта ұлттық психология жоқ, психологияны қазақша оқыту мүмкін емес, Аристотель мен Фрейд қазақшалауға келмейді. Осы салада Қазақстанда психолог мамандар дайындаудың еш қажеті жоқ. Бір-екі талапкерлер табылса, Мәскеуге, Ленинградқа барып оқысын деп пікір білдірген азаматтардың «дүниелері» менің архивімде әлі күнге сақтаулы тұр. Біз үміт күткен зиялы қауымның өкілдері осылай байбалам салып жатқанда, ұлтымның жоғын түгендеуге менің жанұшыра жүгіруімнің жөні бар сияқты.
Әлгі психологияны қазаққа қимай жүргендердің кейбіреулері, тіпті құзырлы қызметтерде отыр. Олар сол кездегі өз іс-әрекеттерінің ыңғайсыз болғанына өкінбек түгілі, беті бүлк етпейді. Абай атындағы Қазақ педагогика университетінде білдей бір оқытушысының «сендер емтиханды психологиядан орысша тапсырасыңдар. Психолог ғұламалардың ойларын қазақша аударуға болмайды» деген пікірі жастардың шамына тиіп, наразы қыз-жігіттер сол кезде Алматыда қоныстанған Білім министрлігіне барып шағымданады. Оқиғаның соңы біраз дауға айналды.
Җкінішке қарай, Мәскеуде білім алып, өздерін білгіш сезінетіндердің өз ұлтының психологиясын білмейтіні, есесіне, өзге психологтардың ой-тұжырымдарына жөнсіз сүйенетіні әлі де көрініс беріп келеді. Әйтпесе сонау жиырмасыншы жылдары Халел Досмұхамедов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов секілді зиялылар қаншама еңбек қалдырды. 1926 жылы Жүсіпбектің қомақты кітабы - «Психология» жарық көрсе, бұл саланы 1938-40 жылдары академик Төлеген Тәжібаев ғылыми жүйелеп, ретке келтірді. Кейін бұлардың ісін қазақтың танымал психологтары жалғастырды.
- Негізі, қазақ психологиясының тамыры тереңде жатыр дейсіз ғой...
- Әлбетте. Мәшһүр Жүсіп, Ғұмар Қараш артына көптеген еңбек қалдырды. Шәкәрім Құдайбердиев - әрі ақын, әрі жазушы, аудармашы, оның да психологиялық мұрасы қаншама! Ахмет Байтұрсынов, Халел Досмұхамедов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов секілді ғұламалардың әр еңбегі - ұлттық психологияның қаймағы. Тіпті Ж.Аймауытов білім негізі ана тілі арқылы меңгерілетінін айта келіп: «Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес. Ана тілі - халық болып жаралғаннан бергі жан дүниесінің айнасы, өсіп-өніп, түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі», - деген ғой. Ол «Психология» (1926), «Жан жүйесі және өнер таңдау» (1926) оқулық құралдарын жазып, психология, педагогика, әдістемелік ғылымдарды ұштастыра оқытуға терең мән берді. Ал Мағжан Жұмабаевтың «Бастауыш мектепте ана тілі» (1925), «Сауатты бол» (1926), «Педагогика» (1922) атты еңбектері - педагогика-психология ғылымдарына қосылған елеулі үлес. Ол - қазақтың халық психологиясын ғылыми тұрғыда қарастырып, осы ғылымның іргетасын қалаған ғұлама. Ал сонау Х ғасырдағы әл-Фараби бабамыздың психологияға қатысты жеті еңбегі - өз алдына бөлек әңгіме. Бір өкініштісі, осындай дүниелердің бәрі оқу орындарынан бастап, ауыл кітапханасына дейін жетпей тұр. ХV ғасырда өмір сүрген Җтейбойдақ Тілеуқабылұлы «Шипагерлік баян» деген еңбек жазыпты. Сонда философия, психология, медицина, әдебиет және тағы басқа ғылымдардың мәселелерін сөз етеді. Орта ғасырдағы қазақ ғалымы Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи Рашиди» кітабында да психология мәселелері тұнып тұр. Осының бәрінен мақұрым қалып, рухани байлығын өзгелердің құндылықтарымен толықтырғысы келетін топас адамдар ғана ұлттың рухани байлығын жоққа шығарады.
Бір өкініштісі, осынау психологиялық асыл мұралар әлі күнге дейін зерделенбей келеді. Тіпті әрідегі ғұлама ойшылдарымыз түгілі, берідегі Шоқан, Ыбырай, Абай мұралары да психологиялық талдауға түскен жоқ. Бұл жерде қазақ психологтарына өкпеміз қара қазандай.
- Осыны жан-жақты зерттеп, қазіргі ұрпаққа ұсынып жатқандар бар ма?
- Осы жағынан ұят болып тұр. Оны зерттеп жатқан қазақ психологтары да, тіпті ниет білдірушілер де жоқ. Қазір ғылыми жұмыс жазып, әйтеуір қорғап алуды мақсат еткен жастар оңай тақырыптарға жүгіреді де, осындай қиын да, күрделі тақырыптарға бас ауыртпайтын болды.
- Егер осы тақырыпты ғылыми жұмысқа айналдырамын деушілер болса, қолдау көрсетесіздер ғой...
- Әрине, еңбекқор, ізденімпаз жастар табылып жатса, жөн-жоба көрсетуге дайынбыз. Мәселен, мен Жүсіпбек Аймауытовтың «Психология» деген еңбегін Кеңес өкіметі құлау алдында тұрғанда Мәскеудегі ғалымдарға мойындаттым. Тіпті «Жусипбек Аймауытов классик казахской-советской психологий» деген тақырыппен психологиялық журналдарда (1990 ж. №4) мақала да жарияладым. Олар осы мақаланы ағылшын тіліне аударып, әлемге таныстырмақ болды. Бірақ артынан не болғанын білмеймін. Осының өзі көп нәрсені аңғартпай ма?
Бір ақиқатты айтайын, Америка Құрама Штаттарында психологияға қатысты жетпістен астам ғылыми журнал шығады екен. Ал Кеңес өкіметі болса, кіші ұлттардың сана-сезімін оятып алмас үшін бұл саланы жабық деп жариялап келді. Қайта соғыстан кейін Сталиннің нұсқауымен психологияны мектептерде оқытуға ерекше мән берді. Ол өлген соң психология қайта тұншықтырылды.
- Сіздің осы саланы зерттеп жүргеніңізге жарты ғасырға жуықтапты. Таяқтың бір ұшы басыңызға тиіп көрген жоқ па?
- Тиді. Сонау 1962 жылы мені түтіп жеп қоя жаздағандар болды. Олар кімдер дейсің бе? Җзіміздің мүйізі қарағайдай ғалым ағаларымыз. Олар тірі тұрғанда мен бұл тақырыпқа қалам тартуға батылым бармады. Ол кезде Аймауытовтар жабық тақырып. Ондай ғұламаларды ауызға алғандар құрып кететін. Бір жолы Аймауытовты - ауызға алған менің бір студент досым «халық жауы» атанып, 10 жылға сотталды.
- Ұлттық психологияның негізін қалаған ағаларымыздың атын қайдан біліп жүрдіңіздер?
- Біз Мәскеуге барғанда ылғи да Ленин атындағы кітапханаға баратынбыз. Онда құпия құжаттар бөлімінде отырған орыс қыздарына тәтті-мәтті беріп, алдап-сулап құнды кітаптарды оқуға алатынбыз. Онда небір табылмайтын рухани дүниелер бар ғой. Соларды оқып-танысуға жол аштық. Қазір психологиядан еңбек жазып, қорғап жүргендердің не еңбек жазып жүргені белгісіз. Қазақтың үні жоқ, ағылшын мен орыстың кітаптарынан жасалған дәмсіз аудармалар.
Мысалы, Жүсіпбектің шығармалары - ұлт тәрбиесінің өзегі. Оның психологиялық көзқарастары туралы жазғаным Мәскеуден шығатын орыс тіліндегі журналда кешігіп басылды. Оның себебін кейін бір танысым айтты. Редакциядағылар «Жүсіпбектің жазғандары өзінікі ме, әлде аударма ма» деген күдікпен әбден тексерген. Сәті келгенде, оның еңбегі туралы Ленин кітапханасына барып жүретін мәскеулік бір журналист ақсақал білетін болып шыққан. Әлгі дүниелерді Аймауытовтың өз еңбегі екендігіне кепілдік берген.
Зерттейтін ғұламаларымыз көп. Олардың бәрі де - ұлттық психологияны өркендетуге үлес қосқандар, ұлттық психологияның негізін қалағандар. Осы төңіректе жиі сөз болған сайын қазақ психологиясын жоққа шығарғандардың аузына құм құйылғандай, сірә.
- Жақында ұлттық психология пәнін мектептерде міндетті түрде енгізудің өзектілігі республикалық психологтардың семинарында кеңінен сөз болды. Шын мәнінде, қазіргі психологияның мектептердегі жай-күйі қалай?
- Мұны айтқанда көзіңе жас келеді. Мектептегі психолог мамандар директордың қолбаласына айналған. Не кабинеті жоқ, не балалармен жұмыс істеуге мүмкіндік берілмейді. Сонда болашақ психологтарды не үшін оқытып жатырмыз? Білім ордаларында жалақының аздығынан психолог жастар қазір бизнес саласын жағалауды шығарды. Мектепке байласа да тұрмайды. Осындай өзекті мәселелерді ортаға салып, қорыта келгенде, Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаевтың атына ашық хат жолданды. Оны республикалық психологиялық семинарға қатысушылар да қолдады.
Қазіргі кезде Ресей Федерациясының Білім министрлігі қабылдаған жалпы білім берудің мемлекеттік стандарттарына сай орта мектептерде 3-сыныптан 11-сыныпқа дейін психология пәні енгізіліп отыр. Ғалымдар практик-педагогтар - ағарту саласының басшы адамдарынан құрылған мәртебелі комиссия осы мәселені Мәскеу, Омбы қалаларындағы жалпы білім беретін орта мектептерде 10 жыл көлемінде тәжірибе жүзінде сынақтан өткізіп, әр сыныптың оқу бағдарламалары мен оқу құралдары түзіліп (барлығы 9), бәрінің оқыту әдістемесі де жасалған.
Қазақстан психологтары мектеп өміріндегі осынау елеулі жаңалықты бірауыздан мақұлдап, әзірше республиканың қазақ мектептері үшін 5 сыныптан 11 сыныпқа дейінгі психологиядан төл тілімізде оқу құралдары мен бағдарлама даярлауды қолға алып, мұны өздерінің азаматтық борышы деп есептейді.
Бізде Ресейдегідей орта мектептердегі барлық сыныптарға оқу бағдарламалары мен құралдарын дайындауға мүмкіндік шектеулі екендігі белгілі. Җйткені Ресейде барлық облыс орталықтарында психология факультеттері жұмыс істейді, осы саладағы кадрлар да жеткілікті. Ал бізде тек мемлекеттік 13 оқу орнында ғана психология бөлімдері бар, оларда оқып жүрген болашақ психологтар да көп емес. Сондықтан да біздер қазақ мектептері сыныбы үшін (5-11 сыныптар) психология пәнін оқытуға қажетті дүниелерді дайындауды жөн көрдік. Бастамашыл топ бұл іске шұғыл кірісіп те кетті.
Білім және ғылым министрі Ж.Түймебаев мырзадан, сондай-ақ мектепке дейінгі және орта мектептер департаменті басшылығынан осы ұсынысты қолдап, өскелең ұрпақтың қамы үшін осы әрекетіміздің жүзеге асуына жәрдем береді деген сенімдеміз.
- Хаттарыңызға қуанарлық жауап алдыңыздар ма?
- Жоқ. Бірақ үміттіміз. Бұл мәселе Түймебаевтың шешіміне тіреліп тұр. Җйткені болашағымыздың барлығы белгісіз психологияны оқытуға, онда да қалай оқытатындығымызға келіп тіреліп тұр ғой. Мәселен, өзбек неге ұлтжанды, кішіпейіл, намысқой білесің бе?
- ?
- Мен айтайын: Орыстың озып кеткені өз алдына, өзбегіңіз әдептану мен жантануды қосарландыра оқытып келеді. Оқытқанда да әр пән, әр сабақ ұлттық құндылықтарын қастерлеуге, әдеп-дәстүрін сақтауға, иба-иман секілді қастерлі сезімдерді бала көңіліне барынша терең ұялатады.
Ала тақиялы ағайындар қандарында бар асыл қасиеттерді нарық экономикасы естен тандырған уақытта жоғалтпады. Җзбек жастары шетінен отаншыл, өжет, патриот, намысшыл. Олардың ТМД аумағындағы кейбір халықаралық саяси жағдайға пысқырып та қарамайтындығы мені қайран қалдырады. Осылайша өзбек ағайындар құлдық психологиядан құтылып қана қоймай, жеке ұлт ретінде өздерін биіктен көрсетіп жүр. Ал болашақта олардың жастары тіпті мықты болатындығына дау жоқ. Себебі бесіктен белі шықпаған өзбек баласы ұлттық психологиядан, педагогикадан терең сусындап жатыр.
- Пәнді оқыту өз алдына, ал психолог мамандардың қазіргі заманға сай қажеттілігі де артып келеді емес пе?
- Артқанда қандай? Жасыратыны жоқ, қазір мұғалімге, ата-анасына айтып, баланы қорқыта алмайсыз. Җйткені орта өзгерді, көретін теледидары мен интернеті де бар. Осының бәрі тәрбиеге салқынын тигізіп отыр. Айталық, оқушылардың сабаққа келмеуі жиілеген, түрлі оқыс оқиғаларға тап болып жататын кездері көбейді, тіпті бала мен баланың арасындағы көзқарас үйлеспеуінен де жағдай ушығады. Мұндайда психологтың көмегі ауадай қажет. Амал қанша, мектептегі психологтың орны ойсырап, ұлттық тәрбие тар ауқымда қалып тұр. Әл-Фараби бабамыз: «Тәрбиесіз берілген білім - адамзаттың қас жауы» деген ғой. Біз өзімізге-өзіміз жау табудан тезірек құтылғанымыз орынды. Ұлттық психологияны қалыптастырудағы ұтылыс бізді жақсылыққа апармайды.
Соңғы уақытта балалар арасында жүйкенің сыр беруі 30 пайызға артыпты. Бұл олардың оқу үлгеріміне, тәрбиесіне, жүріс-тұрысына елеулі әсер етеді. Бұл қиындықты да жеңілдетудің жолы - психологиялық кеңес. Қазір басына іс түскен ересектер де психологтардың көмегіне жүгінетін болды. Мына АҚШ-ты басқарған үлкен Буш кезінде төрт психолог-кеңесші ұстапты. Мұндай мысалды дамыған елдердің бәрінен кездестіруге болады.
- Айтпақшы, осы мәселенің қаншалықты құндылығын Президентіміз біле ме?
- Ол жағын айта алмаймын. Мұны қолға алмай отырғандар бергі жақтағылар ғой. Айтпақшы, Иманғали Тасмағамбетов Үкіметті басқарып тұрғанда мектептерде ұлттық психологияны оқыту мәселесін қолға алып еді. Кейіннен Үкімет басындағылар бастаманы аяқсыз қалдырды.
Мен бұрын да талай рет айтқанмын. Ұзақ жылдар бойы оқушы жастардың санасына жалпы адамзаттық абстрактілі мінез-құлық ережелері сіңіріліп, ұлттық моральдің асылы мен халықтың этнопсихологиялық ерекшеліктері еленбеді, жеке тұлғаның белгілі бір этносқа қатынасы ауызға алынбады. Біз қазіргі жасөспірімнің өз елінің тек мирасқоры емес, ол келешек ұлттық мәдениетті жасаушы әрі этнос тілінің иегері екенін сол жылдары «ұмытып» кеттік, соның зілі әлі де бар. Осының салдарынан олардың көбі ұлттық мақтаныш сезімінен мақұрым қалды. Ол кезде ұлттық пен интернационалдық бірлік тек сөзінде үйлесіп, тексіз нигилистер қалыптасты ғой.
- Мысалы...
- Бұған мысал іздеп, әуре болудың қажеті шамалы. Оны Үкімет басындағы орыстілді басшылардың психологиясынан байқауға болады. Олардың туған тілін білуге деген уақыты жоқ дейсің бе? Бұларда құнт, ар, намыс - жоқтың қасы. Отбасында ұлттық құндылықтардан хабарсыз қалу, мектепте психология мен әдептанудың оқытылмауы осыған жеткізді. Тіпті «Болашақ» бағдарламасымен шетелге барып, сол жақта қалып қойған қыздарымыз туралы не айтуға болады? Психологияның бұзылуын осыдан-ақ байқайсыз. Егер біз шетімізден отаншыл, тек қазақша ойлайтын болғанымызда дәл қазіргіден басқашалау инабатты қоғам құрар едік.
Менің ойымша, қазіргідей аласапыран уақытта ата-анамен қатар, әр ұстаз да ел патриоты болуы керек-ақ. Орта мектепті орысша бітіріп, жоғары білім алып, ана тілін толық меңгере алмаған қазақ баласынан қандай үміт күтуге болады, өзге ұлт балалары туралы айтпай-ақ қояйық. Осы төңіректегі ащы шындықты мен айтпасам, күні ертең анда-санда ұлттың жоғын жоқтап, қолынан түк келмесе де айқайлап қоятын адам да таппай қалуларың мүмкін, бауырым!
- Мүмкін, жастарымыз өздері үлгі тұтар тұлғалар таппай жүрген болар...
- Бұл сұрағың біраз қияңқылау естіліп тұр. Олай деме, бізде ұлт мақтанышына айналған тұлғаларды санасаң, саусағың жетпейді. Ұрпағына ұлан-ғайыр жер қалдырған бұрынғы билер мен батырларды айтпағанда, Тәуелсіздікке қол жеткізген жылдары қаншама азаматтарымыз ел аузына ілікті. Мәселен, Елбасын, Нұрсұлтан Назарбаевты алайық. Президенттің қалың орыс пен өзге ұлттардың ортасында жүріп-ақ, ана тілін ұмытпауы нені аңғартады. Қалаберді ұлттық мәдениет, салт-дәстүр, бәрі-бәрінен хабардар. Бұл - отбасында тамаша тәрбие алғанының, қан тазалығының, жан сұлулығының, ұлтқа қызмет етудің не екендігін білетіндігі. Елбасы бір жолы «Менің ойымша, қазақтардың қайталанбас этикалық, психологиялық әлемі - әлі жете зерттелмей, зерделенбей жатқан тылсым дүние» деген еді. Шіркін, ел сенім артқан бүкіл азамат осындай болсайшы! Ол кісінің қазақша сөйлеп, терең әрі жан-жақты ойлайтыны, ұдайы кітап оқитындығы, жас ұрпақ үшін таптырмас өнеге.
Одан соң... министрлер Мұхтар Құл-Мұхаммед, Иманғали Тасмағамбетов, Қайрат Келімбетов, Гүлшара Әбдіхалықова және Мәулен Әшімбаев сияқты зиялы азаматтардың қатары көп болса, өмір жайнап сала бермес пе еді?! Мұхтар бауырым «АТАМҰРА» баспасын басқарып тұрғанда белгілі ғалым-ақын Әдібай Табылдиевпен бірігіп жазған «Әдеп және жантану» деген кітабымызды 100 мың данамен шығарып берді. Міне, ұлтқа жаны ашитын азаматтар осындай болса керек-ті.
Егер мектептерде ұлттық психологияны жан-жақты оқытар болсақ, дәл осындай деңгейге жететініміз хақ. Мұндай жағдайда ұлтжандылардың қатары да жедел көбеюі ықтимал. Бірақ бәрі жоғарыдағыларға байланысты болып тұр ғой. Ал төмендегілерге - ұстаздарға жол көрсетер психологияға арналған төрт журналдың бір әттеген-айы - ұлттың жоғын түгендеуге атсалыса алмай отыр. Жоғары оқу орындары тарапынан да білікті маман даярлауға көзқарас оншама дұрыс емес сияқты. Бәйкен Әшімов ағамыз кезінде Министрлер Кабинетін басқарып тұрғанда психологияны оқытуға қол ұшын беріп еді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін Көпжасар Нәрібаев басқарған жылдары да көзіміз ашылып қалды емес пе?! Солардың ізін басатындар көптеп табылсайшы...
- Психологияны мектепке енгізуде әлемдік тәжірибе бар ма?
- Оның тарихы мен тәжірибесі тым тереңде жатыр. Бір кездері орыстар гимназияларға енгізбекші болғанда, патшаның өзі қарсы болған. Җйткені психология жастардың революциялық сана-сезімін оятып, билікке қарсы шығарады деп күдіктенген. Ал қазіргі заман басқа ғой. Қазір дамыған елдерде мектеп пен жоғары оқу орнын былай қойғанда, шаруашылықтың барлық саласында, әсіресе, кәсіпорын, бизнес құрылымдарына психологтар қажет. Әлдебір қиындыққа тап болғандар да психологтардың көмегіне жүгінеді. Осыдан-ақ ғылымның бұл саласын дамытудың қаншалықты қажеттігін сезінесіз. Менің ойымша, тағдыры тығырықтан шыға алмай отырған пәнді мемлекеттік қызметтегілерге оқыту керек-ақ. Олардың некен-саяқ біреулері шетел ғалымдары жазған психологиялық еңбектерді оқитын көрінеді. Оның ішінде қазақтың психологиясына, ұлт құндылығына үңілетіндей дәнеңе де жоқ. Қайта кейбір еңбектердің теледидардағы келеңсіз көріністер сияқты адамды бұзуға итермелейтіні бар.
Мырзатай Жолдасбеков мемлекеттік дипломатиялық қызмет академиясын басқарып тұрғанда, одан сол оқу орнында психологияның оқытылуы қандай деп сұрағаным бар. Ол кісі әзірше оқытылмайтындығын ашық айтты. Одан бергі уақытта жағдай оңала қоймаған шығар. Себебі қазақ психологиясын қажетсініп отырған басшы қызметкерлер байқалмайды. Сондықтан Елбасы осы мәселеге баса назар аударып, ұлттық мәдениеттің мәйегін игеруде психологияны оқытуға нұсқау берсе, қазақтың ұлттық құндылықтарын жақсарта түсуге жол ашылар еді. Біз қазір тілсіз болашағымыз жоқ деп жатырмыз, психологияны оқытудың маңызы жайлы да осыны айтуға болады. Ұлы мұраттарға жету үшін ұлттық психологияны мықтап қолға алу керек.
Бұл қазақ халқының (әлі де шашылып жүрген шала қазақ, жаңа қазақ, оралман қазақ, кәдімгі қазақ, т.б.) басын қосуға, мемлекеттің іргетасын нығайтуға бірден-бір дәнекер. Осыған өз қал-қадірімізше үлес қоссақ деген үмітпен университетте академик Төлеген Тәжібаев атындағы этнопсихология және этнопедагогика орталығын құрған едім. Біздің бастамамызбен ұлт психологиясына орай 14 ғылыми-конференция ұйымдастырылып, 18 том кітап шығардық.
Қазір бірсыпыра жоғары оқу орындары «Абайтану» орталығы» деген секілді орталықтар ашып жатыр. Олар бірін- бірі қайталайды. Ал біздің орталық - еліміздегі қоғамдық негізде жұмыс істейтін жалғыз мекеме. Бір қуанарлық жайт, Абай атындағы ҚазҰПУ-де 18 адам жұмыс істейтін Психология ғылыми-зерттеу институты құрылыпты. Бұл Ресей, Украина, Түркия елдерінен кейінгі төртінші психологиялық ғылыми-зерттеу институты болмақ. Ұлтжанды ректор Серік ініміздің осы игілікті ісін қуана құптап, мың да бір рақмет айтамыз. Тек осы ғылыми-зерттеу институты елімізде мекендейтін халықтардың психологиясын зерттеуде көшбасшы болсын деп тілеймін.
Ендігі бір тілек, ҚазМҰУ-дың басшылары Төлеген Тәжібаев атындағы орталықтың жұмысын жандандырып, ардақты академиктің 100 жылдығын лайықты атап өтуге мұрындық болса, жақсы болар еді.
2004 жылдың 8 шілдесінде «Айқын» газетіне берген сұхбатымда «Ұлттық тәлім-тәрбиені зерттейтін институт ашу керек» деген едім. Сол сұхбатта Мағжан ағамыздың 80 жыл бұрын айтқан пікірін тағы бір елдің есіне салып, ашық әңгімемізді аяқталық: «Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, сау, берік һәм өз жанымызға (Қазақ жанына - ред.) қабысатын, үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ, серттесуге болады. Сондай негізде құра алмасақ, келешегіміз күңгірт».

Mukhtar Auezov

Counters

Яндекс.Метрика