Жамбыл Жабаев – жауынгерлiк рух жаршысы

Печать

Халық ақындарының iшiнде Жамбылдың шығармашылығы әр қырлы. Ол – өз заманының әлеуметтiк мәселелерiн көтеруден бастап, жауынгерлiк һәм қаһармандық сипатты өлеңнiң өрiсiн тапқан ақын.

Жамбылдың артықшылығы – өлеңдерiнiң көпке мәлiм шындыққа, нақты деректерге негiзделуiнде.

Жамбыл өмiрге келген тұста қазақ жерiнiң оңтүстiгi, оның iшiнде ақынның туған өлкесi – Жетiсу өңiрi Қоқан хандығына бағынышты болатын. Ал, қоқандықтардың халыққа жасаған зорлық-зомбылығы айтып жеткiзгiсiз ауыр едi. Ауыл сақылдаған сары аязда солардан қашып, түп көтерiле көшедi. Көш Жамбыл тауының етегiне жеткенде болашақ ақын туыпты.

1864 жылға дейiн Қоқан хандығы, одан кейiн Ресей империясы билеген замандағы халықтың мүшкiл тiрлiгi, өз отбасының жоқ-жұтаң тұрмысы, дүмдiнiң әлсiзге зорлық-зомбылығы Жамбылдың көкейiне шер болып байлана бередi. Әдiлеттiлiк iздеген ақынның жыры батырлықты көксейдi.

Жамбылдың ұстазы – әйгiлi Сүйiнбай ақын Ұлы жүзде шапырашты руының екей елiнен шыққан. Бала Жамбыл ақындық жолын қууға рұқсат сұрағанда, әкесiнiң: «Екейде елу бақсы, сексен ақын» дегенi «сен сексен бiрiншi болмай-ақ қой. Акынның түбi – қайыршылық, бақсының түбi – жын, жын жиып, бақсы болып ел кезгенше, мал бақ!» - дейтiнi де Екей елiнiң өнер дарыған жұрт екенiн көрсетедi.

Сүйiнбайдың үлгiсiмен би-болыс, бай-манаптың мiнiн әшкерелеп, кедей-кепшiктiң, әлсiздiң жоқшысы болуды мұрат еткен Жамбылдың ерекшелiгi де осында. Жалшының жоғын жоқтап, сөзiн сөйлеу беттiнiң, тiлдiнiң қолынан келген. Қай қоғамда да, қай дәуiрде де солай. Мұндай мiнез рухы биiк ақынға бiткен. Рухы биiк адамнан батырлық пен өрлiк, жiгер мен қайсарлылық туады. Мiнез тiрлiкке көшедi. Мұндай тiрлiктiң түйткiлдерi ақынның көмейiнен сөз болып төгiледi. Жамбылдың шығармашылығынан осы қасиет танылады. Жамбыл өз дәуiрiнiң бұрынғы-соңғы ақын, жыршы-жырауларының iшiнен елдiктiң, батырлықты, қаһармандықты бiрiншi кезекке қояды. Әрiдегi Дулат, Сүйiнбай, берiдегi Абай сияқты, Жамбыл да өз кезiнiң билiкшiлдердiң халық қамын ойламайтынын, әдiлетсiздiгiн, парақорлығын, екiжүздiлiгiн әшкерелеп, көптiң алдында бетке басады.

Жамбыл бозбала шағында-ақ өз ортасын ән мен жырға кенелтiп қана қоймай, күнгейдегi қырғыз iшiне даңқы жайылып үлгерген. Жас Жамбылдың Сүйiнбай Аронұлына жолығып, бата алатын тұсы осы кез. Бұл да кездейсоқ құбылыс болмаса керек. Дәулескер қобызшы Күсептiң тiкелей ұрпағы Сүйiнбайдың батырлар туралы өлең, толғауларынан да ежелгi эпосқа тән асқақ рух есiп тұрады. «Лашын құстай түйiлген, ақ тұйғындай шүйiлген» батыр тұлғасын, «отыз жылдай алысқан, қырық жылдай шабысқан» дұшпан бейнесiн нағыз жыраулық тегеурiнмен сипаттайды. Ол айбынды айтыскер ақын және батырлық эпостарды жырлаудың шеберi болған. Өтеген, Қарасай, Сұраншы, Саурық сынды батырлар турасында қаһармандық дастандар тудырған. Сүйiнбайды тек қазақ емес, көршi Орта Азия халықтары да жақсы бiлген. Әсiресе, оның аты да, даңқы да қырғыз халқына қадiрлi болды. Жамбылдан басқа ақындар да Сүйiнбайды өздерiне ұстаз тұтқан. Осындай ұстаздан бата алған, елдiң әлеуметтiк ахуалын жырлаған Жамбыл ақынның да батырлық, өрлiк, ерлiк туралы өлеңдерi жауынгерлiк рухқа толы.

... Жамбылдың XIX ғасырдың 80-жылдарында жыр сайыстарында сыналып, арындап тұрған кезi. Осы мезгiлде егде тартқан, Арқаны, Жетiсуды, Сыр бойын аралап, талай айтыста жеңген дүлдүл ақын Құлмамбеттiң алдына жан салмай, даңқы аспандап тұрған. 1881 жылы Iле бойындағы үлкен бiр жәрмеңкеде тоғыз ақынды жеңiп: мерейi асып, судай тасыған Құлмамбет: «Әлгi Жамбылдарың қайда, шақыртыңдар берi» дейдi. Жамбыл табалдырықтан аттай бергенде, домбырасын қолына ала салып:


Болғанда мен ақсұңқар, сен – бiр тауық,
Сен – әтеш айғайлағыш ауық-ауық.
Болмаса аты шыққан Сүйiнбайың,
Басқасын қою керек жылы жауып.
Ажал түртiп жүрмесiн аңдамастан,

Оқтаулы ақ перенге қарсы шауып, –деп, Жамбылды бiржолата тұқыртып тастамақ ниетiмен тұрпат-тұрқынан бастап, кем-кетiгiн санамалай жөнеледi. Айтыскерлердiң ежелгi әдетiмен елiнiң атқамiнерлерiн, бай-манабын мадақтап, Жамбыл жағын тұқыртып бебеулейдi:

Жамбыл-ау, Албан да ағаң, Дулат та ағаң,
Не қылса да артық тұр сенен бағам.
Қасқарау Нұрқанның жылқысын мен қаптатсам,
Қырылар, Шапырашты, бұзау, танаң.

Бұлбұл қабақ бастанған Екейiм-ай,
Жұлып алып басыңды кетейiн бе-ай!
Не деп айтқалы отырсың бұл өлеңдi,
Түбiңе, таза тақыр, жетейiн бе-ай!

Құлмамбет кеуделеп, екпiндеп, елiнiң байлығын тiзбелеп мақтауға көшедi. Мұндайдың талай көрген өжет Жамбыл бойын тез жиып, аға ақын күтпеген, әрбiр ақын өз руын мақтайтын үйреншiктi, ескi сүрлеуге қарсы жаңаша әдiске көшедi. Өлеңнiң түрi мен ырғағын құбылта, құйқылжыта келiп, жаңаша тосын соқпаққа түседi:

Адамдықты айт, ерлiктi айт, батырлықты айт,
Ел бiрлiгiн сақтаған татулықты айт.
Қарынбайдай сараңдар толып жатыр

Оны мақтап әуре болмай жөнiңе қайт, –дейдi. Кiсiлiк, батырлық, елдiк жоқ жерде адам мен мал басының көптiгiнде ешқандай қасиет болмайтынын қисынмен дәлелдейдi. Қарсыласын салмақты уәжбен тұқыртып алған соң, оның мақтаған байлары мен саудагерлерiнен гөрi, Сұраншы, Сауырық батырларды жырлаған жөн екенiн қаперге салады.

Батыр Сауырық, Сұраншы жауда өлген,
Халық үшiн шейiт болып, жанын берген.
Елдi қорғап өлгеннiң арманы не,
Қалың қазақ құрметтеп, соңына ерген.

Қажылық қып кеттi ме Мақсұт ағаң,
Ағайынмен ұрысып, даудан өлген.
Мақтаған байларыңның оңғаны жоқ,
Төңiректiң төрт бұрышын жалмап өлген...

Жамбылдың және бiр артықшылығы – өлеңдерiнiң көпке мәлiм шындыққа, нақты деректерге негiзделуiнде. Қос батырдың Жетiсуды қоқандықтардан азат етудегi баршаға белгiлi қолбасшылық һәм қаһармандықты төкпелеген Жамбылдың уәждi сөздерiне қарсы қисынды ештеңе таба алмаған Құлмамбет айтысты доғаруға мәжбүр болады. Демек, Жамбылдың Құлмамбеттi жеңуi – ерлiктi, жауынгерлiктi көксеген ақынның өз рухының биiктiгi.

Жамбылдың 1936-1945 жылдар аралығында шығарған жырлары 13 мың тармақтан асады екен.

Ресей отаршылдары – бiр жағынан, Қоқан хандығы – екiншi жағынан, жергiлiктi жандайшаптар – үшiншi жағынан қазақ халқын әлеуметтiк саяси қыспаққа алған шақ Жамбылдың жан жарасын тырнады. Нақ осы мәселе Жамбылдың ақындық бағыт-бағдарын анықтады. «Шағым», «Жылқышы», «Шәбденге», «Сәт сайланарда», «Өстепкеде», «Патша әмiрi тарылды», «Зiлдi бұйрық» сияқты өлеңдерi елдiң әлеуметтiк саяси өмiрi танытады. Батырақты байға теңестiредi деп сенген Жамбыл Қазан төңкерiсiнен кейiнгi елдiң саяси-әлеуметтiк өмiрiндегi тарихи өзгерiстерге үлкен үмiтпен ден қояды. Қазан төңкерiсiне тек Жамбыл ғана емес, орыс, қазақтың «қызыл сұңқарлары» сендi. Оның 1936 жылы жарық көрген «Туған елiм» толғауының орыс тiлiне аударылған нұсқасы «Правда» газетiнде жарияланып, қарт ақынның даңқы көпке жайылды.

Жамбыл, әсiресе, ел басына күн туған кешегi Ұлы Отан соғысы кезiнде майдандағы жауынгерлерге һәм жау қоршауында қалған ленинградтықтарға, сондай-ақ өзге де майдандағы солдаттарға ерекше рух дарытқан өлеңдер жазды. Оның 1936-1945 жылдар аралығында шығарған жырлары 13 мың тармақтан асады екен. Ел өмiрiндегi табыс пен жаңғыруларды, жеңiс пен ерлiк iстердi ерекше шабытпен жырлайды. Шағын жыр-толғаулар ғана емес, оның қарт көкiрегiнен «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр» сияқты эпикалық туындылар қайта жаңғырып ақтарылады. Соғыс жылдарында абыз жыраудың жауынгер жыршылық қыры ашыла түстi. Қазақстан майданға қорғасынның 85 пайызын, мыстың 30 пайызын, көмiр мен мұнайдың барлығын өндiрдi. Сол ауыр жылдарда елiмiз майданға 6 миллион тонна бидай, 797 мың тонна ет, 150 мың мiнiс жылқысын бердi. Сондай ақ, республикамыз 4 миллиард сом ақша жинап, әскери техникалар мен қару-жарақтар сатып әпердi. Қазақ КСР-i мұнымен қарап қалған жоқ. Еңбектеген баладан бастап еңкейген кәрi еңбек еткен тылда жасы жүзге тақаған Жамбыл сөзiмен демедi. Ленинград қаласына қауiп төнгенде «Ленинградтық өренiм» атты жүрекжарды толғау тудырды.

«Бұл арнауды көзге жас, көңiлге қуаныш толып оқымауға болмайтын едi. Қазақстан халқы бiзге туысқандық сәлемiн, сүйiспеншiлiгiн, достығын бiлдiрдi. Бiз күшiмiздi еселей жинап, ұрысқа кiрдiк» деп жазды сол кезде Ленинград майданында жүрген жазушы В.Вишневский.
«... Мен түнгi соғыс дабылынан ұйқы көрмей, қабақтары шарт түйiлген адамдардың арасында тұрдым. Солдаттар мен офицерлер, теңiзшiлер, противогаз киген көк комбинизонды қыздар – барлығы да Жамбыл жырын шын көңiлмен дүниенiң көз көрiп, құлақ естiмеген қиын шағында туған адамынан келген хаттай оқып жатыр...», – дейдi белгiлi орыс ақыны Николай Тихонов.

Жамбылдың өлеңi жiгерсiз, жай ұйқасқа құрылған шуда шумақтар болса, жауынгердiң бiрi емес, бiрнешеуi оқ пен отты ара-арасында қатпа қара шалға хат жазып, қанын тулатпас едi.


«Қымбатты Жамбыл!

Ленин қаласының төбесiнен төнген қаһарлы күндерi «Ленинград правдасының» (4. lХ. 1941ж.) беттерiнен Сiздiң «Ленинградтық өренiм!» атты өленiңiздi оқыдық.

Патриотизм рухымен суарылған, адамды бүкiл болмысымен жауға қарсы шайқасқа үндейтiн өлеңiңiздi зор ықыласпен оқып шықтық және сол үшiн Сiзге үлкен алғысымызды бiлдiремiз. Ұлы Отан соғысына арналған Сiздiң жаңа шығармаларыңызды күтемiз. Бұрынғы қазақстандықтар (В.М.Молотов атындағы Қазмеммединституттың қызметкерлерi) бүгiнгi әскери дәрiгерлер Ю.В.Букин, С.Р. Қарынбаев. 7.lХ. 1941ж. Ленинград қаласы».

«Ленинград правдасы» газетiнiң редакциясына. 4-күнi сiздер Жамбылдың ленинградтықтарға жолдаған хатын бастыңыздар. Оны оқып шығып, мен оны жауапсыз қалдыра алмадым. Мына жауапты Жамбылға жолдауларыңызды өтiнемiн, өйткенi мен оның нақты мекен-жайын бiлмеймiн. Хаттың тигендiгi жөнiнде хабарлаңыздар, қажет деп тапсаңыздар, менiң жауабымды газетке жариялаңыздар.

Ленинградтықтар – сенiң өренiң,
Жамбыл – елдiң мақтаны.
Жолдайды ыстық сәлемiн,
Қиын-қыстау шақтағы.

Ақын деп өзiмдi айта алман,
Бұрқанған жырым жоқ менiң.
Сендегi нұрдан ой алған,
Өлеңiм осы, сөкпегiн.

Мен үшiн қымбат өлеңiң,
Әдейiлiк, әсiрелеу жоқ онда.
Ұйқысыз түндер iздерiн,
Көрiп куә болам да.

Анық маған, Ленинград жалқы емен.
Барша ел, Қазақстан бiр сапта.
Дабылыңа елiттi күллi әлем,
Күш бердi батыл ұрпаққа.

Ұзақ ғұмыр тiлеймiз саған,
Тiлеймiз саулық, күш-қуат.
Ойларыңнан бастау алған,
Шырқалсын жырың жалындап.

Шын ықыласты пейiлмен Всеволод Зубчанинов, №... полкы ротасының ерiктi жауынгерi, В.М.Молотов атындағы Ленинград технологиялық институтының профессоры».

Тағы бiр ленинградтық жауынгер Евгений Зубков:

«Жамбыл ақын, алаң болма,
Балтықтың соқты күштi желi.
Нева бойы алғы шепте,
Жайрады жау жендеттерi,
Жамбыл ақын, алаң болма!

Ленинградтық – өрендерiң сенiң,
Бiр Одақтың балалары.
Сын сағатта қорғап елiн,
Бөлiнген жоқ аралары.

Қамал бұзар жырларыңды,

Әлемге Москва таратты.
Қайталайды сұңқар үндi,
Едiл, Орал, Қиыр Шығыс,
Және Британ аралдары...»

Одақ оқырманына бұдан бұрын да таныс Жамбылдың есiмi соғыс жылдары орталық баспасөз беттерiнде жарияланған «Ленинградтық өренiм» өлеңiнен кейiн зор құрметпен аталды. Оның өлеңдерi окоптарда, блиндаждарда, шайқасқа шығар алдында жауынгерлiк ант болып жатталды. Аштық пен соғыс титықтатқан ленинградтықтар көшедегi оның плакаттарын оқып, қуаттанды. Қалың жауынгердi ұйытқан жыраудан көптеген басылымдар мен редакциялар өтiнiш айтып, тапсырыс берiп жатты. Оның iшiнде ұшқыш Георгий Дзюбоның, Қызыл тулы l-Қиыр Шығыс майданы командирлерi, №399 госпиталь басшылығы, Челябинскiге көшiрiлген Киров атындағы Ленинград трактор заводы ұжымының, Мәскеудегi зағип балалар институтының, Одесса, Белгород, Ногинск, Мәскеу, Қырғызстан комсомолдар мен пионерлерiнен түстi.

«Құрметтi Жамбыл!

СССР Байланыс Халық комиссариатының “Байланыс хабаршысы” бұқаралық қорғаныс журналының редакциясы

1 Май нөмiрiне жариялау үшiн өлеңдерiңiздi жiберуiңiздi өтiнедi. Журналдың Қырғызстан бойынша тiлшiсi И.М.Новиков. 2.lll. 42 ж. Фрунзе қаласы».

Ақынның қаһармандық пен батырлықты ту еткен жүз жасаған жүрегiнен жыр саулады. «Ленинградтық өренiм» өлеңiнен кейiн Сталинград қаласына арнап жазған «Алынбас қамал» атты өлеңi жауынгерлердiң қалқанындай болды.

«Аса құрметтi Жамбыл! Сталинград майданының «Сталин туы» газетiнiң редакциясы Сiздiң Сталинградты қорғауға арналған «Алынбас қамал» атты өлеңiңiздi алғандығын хабарлайды. Редакция ұжымы және бiзбен бiрге майдан жауынгерлерiнiң барлығы Сiзге, қазақ халқының Ұлы жыршысына, шын жүректен алғысымызды айтамыз. Сiздiң тамаша өлеңiңiз жаумен шайқастағы Сталинград қорғаушыларының бойына тың күш қосып, жауға деген өшпендiлiктi еселей түседi. Оның, әсiресе, қазақ жауынгерлерiн ерекше сезiмге бөлейтiнiне кәмiл сенемiз...

«Сталин туы» газетiнiң жауапты редакторы, батальондық аға комиссар – И.Половнинин.

4.Хl.42ж.Cталинград маңы. 20. 10. 42.

Жауынгерлер Жамбылға жауды жеңемiз деп уәде берiп, ант айтты:

«Қазақ халқының ұлы ақыны, өзiмiздiң аса қымбатты Жамбылға!

Бiз, бiр топ майдангер-қазақтар Сiзге хат жазайық деген шешiмге келдiк. Ұлы орыс халқының ұлдарымен бiрге, белорус, украин, әзiрбайжан, Совет елiнiң басқа да халықтары өкiлдерiмен бiр семьядай болып бiз де фашист басқыншыларымен аяусыз ұрыста Ұлы Октябрь социалистiк революциясының жеңiп алған жетiстiктерiн аянбай қорғаудамыз. Туған даламыздан неше мыңдаған шақырым қашықта жүрсек те, бiз өзiмiздiң туған жердi, Советтiк отанымызды – өзiмiздiң Қазақстанды қорғап жүргенiмiздi жақсы түсiнемiз...

... Бiз, аяулы Жәке, Сiздiң алдыңызда, жаумен арыстанша алысып, майдан даласында оларға даңқты Советтiк Гвардияшылар ретiнде аяусыз соққы беруге салтанатты түрде ант етемiз!..»

Ақын жекелеген жауынгерлермен тiкелей хат алысып тұрған. Кейбiрi көзбен көргендерiн баланың әкеге есеп бергенiндей баяндап отырған. Бiр жағы арқа сүйер асқарындай көрсе, бiр жағынан, қиратып-жусатқан жаудың қаскөй әрекетiне жаны күйiп, шер тарқатқысы келгендей.

«Алматыға – Сталинградтан.

Сталинград трактор заводының жұмысшылары мен қызметкерлерi, инженер-техниктерi мен қызметшiлерi ұжымы атынан қазақ халқының сүйiктi ақыны Жамбыл Жабаев атамызға большевиктiк жалынды сәлем жолдаймыз!

... Қаланың қаншалықты қираған көрiнiсiн сiзге айтып беруге сөзiмiз жетпейдi. Көп қабатты тас үйлердiң күйген қабырғалары бiзге жаудан өш алыңдар деп үндеп тұрғандай; көшедегi үйiңдi, кiрпiш пен күлден аяқ алып жүргiсiз, жалын мен жарылыстан завод цехтарының металл конструкциялары саз балшықтай иленiп қалған. Көшедегi жанған ағаштардың ұсқыны кетiп, әдемi паркеттер мен скверлердiң тұқылдары ғана қалған; қала iшiнде бомба мен снаряд түспеген алақандай жер қалған жоқ» деп қынжылады.

«Қоңырат баланың» сәлемiнен туған сөнбес жыр

... Мiне, осылайша, қаһармандықтың белгiсiндей «Ленинградтық өренiм» қалай туып едi? Қазақстан Халық Комиссарлар Кеңесiнiң төрағасы Нұртас Оңдасынов арнайы тапсырыспен құзырлы өкiлдерге жеделхат жолдады. Мемлекеттiк Мұрағаттан табылған телеграмма былай деп сыр шертедi:

Алма-Ата

Совнаркому

Заговельеву

Прошу посоветоваться с товарищем ШАЯХМЕТОВЫМ о возможности составления поэмы тире письма ленинградцам связи организацией подарков силами писателей Казахстана во главе Джамбулом тчк Необходимо перед составителями поставить задачу добиться высокого идейнополитического качества чтобы этот документ своей значимстью соответствовал великой патриотической революционной традиции ленинградцев и героической работе трудящихся Казахстана

=Ундасынов.

Бұл туралы Оңдасынов былай деп естелiк жазады: «Қазақстан тез арада ленинградтықтарға ұзын саны 140 вагоннан тұратын екi темiржол составын жасақтады. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетi бұл сәлем-сауқатты оларға Жоғарғы Кеңестiң Төрағасы Әбсемет Қазақбаевтың бастап баруын ұйғарды. Сыйлыққа қоса Қарағандының № 31 шахтасының кеншiсi Түсiпов өз атынан хат жолдады. Ол өз хатында қазақ халқының сый-сияпатын ақ ниет пен берiк достықтың нышаны деп бiлерсiздер деп жазды.

Менiң көкейiмнен материалдық көмекпен қоса қоршауда қалған қала жұртшылығына моральдық күш беретiн, рухын көтеретiн бiр сәлем сөз арнау кетпей қойды. Бұл ойымды Орталық Комитеттiң отырысында айтып едiм, көпшiлiк қолдады. «Сөз анасы – сәлем» демей ме қазақ, сол асыл сөздi кiмге жаздыруды ойлаған кезде аузыма Жәкең-Жамбыл Жабаев түстi.

Содан Орталық Комитеттiң тапсыруымен 1941 жылдың күзiнде қасыма ақындар Әбдiлда Тәжiбаев, Ғали Орманов, тағы да бiраз адамдарды ертiп Жәкеңнiң аулына келдiк. Бiр топ адам сау етiп ертемен келгенге ауыл адамдары елеңдесiп қалды. Онсыз да соғыстың суық хабары жүректерiн шайлықтырып қойған ғой. Жәкең ауыл сыртында ат үстiнде жүр екен. Бәрiмiз сол кiсiге қарай жүрдiк. Амандық, саулықтан соң келген мақсатымызды айттық, жеткiздiк. Жәкең бiздiң сөзiмiздi ат үстiнде отырып тыңдады да, үнсiз қалды. Бiр мезетте еңсесiн көтерiңкiреп, қызылға түсер қырандай қомданып, қапталда жатқан ақ басты Алатауға қарап қойды да, ишарамен «үйге жүрiңдер» дегендi бiлдiрiп, өзi жол бастады.

Қашанда да қонаққа жаюлы тұратын Жәкеңнiң мол дастарханы, оның айналасына бәрiмiз жайғастық. Жәкең төрде iлулi тұрған домбырасын алдыртып, шанағын қағып-қағып жiбердi. Әдетте қарт жыраудың жырды нөсерлетiп төгiп-төгiп жiберетiн, бiр сөзiн екiншi рет қайталамайтын қасиетiн бiлетiн ақындарымыз қағаз бен қаламдарын алып, аңысын аңдып дайын отыр. Жәкең жырын бастады, ол қағазға түсiп мәңгiлiк дүниеге айналып жатты…

Ленинградтық өренiм,
Мақтанышым сен едiң!.....

Өлең шұғыл түрде орыс тiлiне аударылды. Артынша қарағандылық кеншiлер хатын, Жамбыл өлеңiн, республика жұртшылығы жинаған сәлем-сауқатты алып Қазақстан өкiлдерi Ленинградқа жүрiп кеттi.
Жамбыл жырау Нұртасқа лауазымы биiк бастық деп қарамапты, жасы кiшi iнiдей, әзiлiн көтерер құрбыдай санапты. Тiктеп атын атамай, «Қоңырат бала» деп қана атапты. Үкiмет басшысы болса «Жамбыл Жәкем» деп таныпты. Нұртас Оңдасынов «Ленинградтық өренiм» өлеңiнiң жазылу тарихын баяндай отырып, сөз арасында: «естерiңде болсын, қазақтың бар тарихы жыраудың жырында, жадында жатыр…» деген екен. Қайраткер соғыс қайнап жүрiп жатқанына қарамастан-ақ жер-жерде жатқан жырауларды Үкiмет тарапынан арнайы шақыртып, жырларын қағазға, үндерiн үнтаспаға түсiрткен» дейдi академик Рахманқұл Бердiбаев айтқан. Амал не, «Ленинградтық өренiм» толғауының құны бүгiнде басқаша. Өз елiмiзден бастап

ресейлiк бард Александар Розенбаум «Ленинградтықтар ешкiмнiң баласы емес....» сарынды өлең жазып, «жаңалық ашып» жүр. Бiрақ, қанша жерден тапсырыспен жазылған деп Жамбыл жырауды жазғырсақ та, «Ленинградтық өренiм» – өлмейтiн өлең. Соның дәлелiндей Дмитрий Шостаковичтiң Ленинградтық симфония музыкасына және танымал толғаудың негiзiнде Ұлы Жеңiстiң 65 жылдығына арнап Болат Аюханов басқарған ҚР Мемлекеттiк академиялық би театры 43-шi маусымында бiр көрiнiстi «Ленинградтық өренiм, мақтанышым - сен едiң!» балет спектаклiн сахналанды. Балеттiң алғашқы премьерасы 2009 жылғы желтоқсанда Санкт-Петербордың Ленсовет атындағы Сарайы сахнасында және үстiмiздегi 2010 жылғы ақпанның 16-сында Алматыда Абай атындағы мемлекеттiк академиялық опера және балет театрында көрсетiлдi.
Елiмiзге ресми сапармен келген Украина Президентi Виктор Янукович Жеңiс мерекесi қарсаңында Киев қаласындағы бiр көшеге Жамбыл Жабаевтың есiмi берiлгенiн айтты. Киевтiң тағы бiр көшесi Абай атымен аталыпты. Сонау соғыс кезiнде Синельников қаласын жаудан азат етуде 67 қазақ жауынгерi қаза тапқан болса, сол ержүрек жастардың бiрi – Алғадай Жамбылов болып шықты. 2005 жылдың мамырында Синельников қаласында Жамбылдың ұлы, 19-жеке кавалериялық корпустың жауынгерi, 1943 жылдың ақпанында Украинаны азат ету кезiнде мерт болған Алғадай Жамбыловқа ескерткiш қойылды. Киев қаласы әкiмшiлiгi төрағасының орынбасары Владимир Гоавач аталған шараның Жеңiс мерекесiнiң қарсаңында өтiп жатуының маңызы жайлы ой толғапты. Ал Жәкеңнiң атына көше берген Шевченко ауданы әкiмшiлiгiнен келген Виктор Довыденко «қазақ халқы Тарас ақынды қалай құрметтесе, бiз де Жамбылды солай құрметтеймiз. Екi тiлдi жақындастырған солардың өшпес мұрасы мен рухы» дептi.

Мұхтар Әуезов

Есепшілер

Яндекс.Метрика